Меню KDT

Жаңалықтар

poster

Пневмококк инфекциясы

Пневмококк инфекциясы - Streptococcus pneumoniae бактериясы қоздыратын жұқпалы аурулар тобы. Ауру тыныс алу мүшелерін, орталық жүйке жүйесін және басқа да ағзаларды зақымдауы мүмкін, әсіресе балалар мен қарт адамдарда ауыр асқынуларға әкелуі ықтимал.
Инфекция негізінен ауа-тамшылы жолмен - жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлескенде беріледі. Сирек жағдайларда сілекей немесе шырыш тамшылары қалған ортақ пайдаланылатын заттар (ойыншықтар, ыдыс-аяқ, есік тұтқалары) арқылы жұғуы мүмкін.
Пневмококк инфекциясының ең жиі кездесетін түрлеріне пневмония, отит, синусит және менингит жатады. Ауыр жағдайларда өмірге қауіпті жағдай -сепсис дамуы мүмкін.
Аурудың негізгі белгілері:
-дене температурасының 39–40°C-қа дейін күрт көтерілуі;
-әлсіздік, ұйқышылдық, бас ауруы;
-қақырықты жөтел, кеуде қуысының ауыруы;
-отит пен синусит белгілері;
-менингит кезінде -желке бұлшықеттерінің сіресуі, құсу.
Қауіп тобына мыналар жатады:
-5 жасқа дейінгі балалар;
-65 жастан асқан адамдар;
-созылмалы аурулары бар науқастар (бронхиалды астма, қант диабеті, жүрек аурулары);
-иммунитеті әлсіреген адамдар;
-темекі шегетін және алкогольді шамадан тыс пайдаланатын адамдар.
Алдын алу
Пневмококк инфекциясының алдын алудың ең тиімді шарасы - вакцинация. Вакцинация Қазақстан Республикасының профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Балалар мен қауіп тобындағы ересектерге конъюгацияланған вакциналар, ал егде жастағы науқастар мен созылмалы аурулары бар адамдарға полисахаридті вакциналар қолданылады.
Ауру белгілері пайда болған жағдайда дереу дәрігерге қаралу және өз бетінше емделмеу ұсынылады.
 

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесі